Жалпылама лексика адам баласының күнделікті тіршілігіне қажетті заттар мен құбылыстарды, әрекеттерді және тағы басқа ұғымдарды айтады. Мысалы: су, ауа, тамақ, үй, нан, мал, жеу, ішу, көру, жүру, ақ, көк, үлкен, кіші, жоғары, төмен, артық, кем, мың, жүз, жеті, үш, т.б. Жалпылама лексикаға тән сөздер өздерінің тура мағынасында жұмсалады. Жалпылама лексикаға жататын сөздерді бала да, үлкен де, малшы да, аңшы да, ақын да, ғалым да – бәрі бірдей түінеді және сөйлеу мен жазуда қолданылады. Мысалы: Биыл қар аз жауды. Кеше күн суық болды. Айгүл - адал, ақ көңіл, білімді қыз деген сөйлемдердегі әрбір сөз өзінің тура мағыналарында ғана қолданылып тұр. Осы сөйлемдердегі сөздердің бәрі жалпылама лексикаға жатады. Жалпылама лексикаға жататын сөздер жалпы халыққа түсініктілігімен, анықтығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Олар әдеби тілдің негізгі қоры болып табылады. Табиғат пен қоғамда алуан түрлі заттар мен құбылыстар бар. Ол заттар мен құбылыстар жайында адам санасында ұғым пайда болады. Ұғым тілде сөз арқылы аталады. Белгілі бір ұғымға берілген атауды сөз дейміз.
Тілдегі әрбір сөз дыбысталу мен мағынаның бірлігінен құралады. Сондықтан да лексика бір тілдегі барлық сөздердің жинағы деген мағынада қолданылады. Лексика (грек. «сөздік қор») - тіл білімінің сөз және оның мағынасын зерттейтін саласы. Лексика деген термин белгілі бір автордың, шығарманың тілі деген ұғымды да береді. Лексикология – сол тілдегі сөз байлығын қарастырып, айқындайтын тіл ғылымының бір тарауы.
|